Оның үйінен 105 келіден астам кептірілген марихуана мен 7 келіден астам гашиш тәркіленді
Абай облысында полицейлер жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тәркіледі. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Қарасора – 2025» және «Дәрмек» жедел шаралары барысында Абай облысының тәртіп сақшылары жергілікті 33 жастағы тұрғыннан күдік келтіріп, оның тұрғылықты жерін тінтіген.
Тінту кезінде өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған төрт қап, ұнтақ тәрізді жасыл түсті зат салынған полимер пакет табылған.
Сот-наркологиялық сараптама нәтижесі 105 келіден астам кептірілген марихуана, 7 келіден астам гашиш тәркіленгенін көрсетті.
Тергеу барысында ұсталған азамат жабайы қарасораны өзі жинап, кептіргенін, кейін оны сату мақсатында сақтағанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған кешенді шараларды жалғастыруда.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырады.