Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу пункті келесі жылдың соңына дейін жабылады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қайта жаңғырту жұмыстары басталды

Фото: depositphotos.com

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қазақстан мен Ресей шекарасында орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары басталғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жеңіл және қоғамдық көліктерге шектеу қойылады

Құрылыс жұмысына байланысты 2025 жылғы 4 тамыздан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін:

  • жеңіл көліктер мен автобустардың өтуі уақытша тоқтатылады;
  • тек жүк көліктері электрондық кезек жүйесі арқылы өте алады (күніне 200-250 жүк көлігі).

Бұрын шектеу мерзімі кейінге шегерілген еді

Бұған дейін «ҚазАвтоЖол»-дың Батыс Қазақстан облыстық филиалы шектеулерді енгізу мерзімі кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын. Енді нақты мерзімдер бекітіліп, жұмыстар жоспарға сай басталады.

Альтернативті шекара бекеттері

«Сырым» бекетінің жабылуына байланысты жүргізушілерге мына өткізу пунктерін пайдалануға кеңес беріледі:

  • «Шаған» (ҚР) / «Тёплое» (РФ) – екіжақты бекет, ҚР және РФ азаматтарына.
      Орналасқан жері: Орал – РФ шекарасы, 33 км (KZ07-01 жолы).
  • «Ақсай» (ҚР) / «Илек» (РФ) – халықаралық өткізу бекеті.
      Орналасқан жері: Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы, 144 км (KZ07-04 жолы).
  • «Тасқала» (ҚР) / «Озинки» (РФ) – халықаралық өткізу бекеті.
      Орналасқан жері: Орал – Тасқала – РФ шекарасы, 104 км (KZ07-06 жолы).

Жоспар құрып, ертерек жолға шығыңыз

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге сапарларын алдын ала жоспарлап, баламалы өткізу пункттерінде көлік жүктемесінің артуын ескеруге кеңес береді.

Шекараны уақытында және ыңғайлы өту үшін ертерек жолға шығу ұсынылады.