Оқиға қала тұрғындарын шошытты
Павлодар қаласында ер адам күндіз көшеде әйелге шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Telegram-арнадағы мәліметке сілтеме жасап хабарлайды.
«Типичный Павлодар» Telegram-арнасында оқиға орнынан скриншоттар мен куәгерлердің хабарламасы жарияланған. Жазбада ер адамның әйелді пышақпен жарақаттап, бет-әлпетін зақымдағаны айтылған.
Фотосуреттерден ер адамның әйелді асфальтқа құлатып жатқанын көруге болады. Бұл жайт көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында Суворов көшесі маңында болған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша, 20 шілде күні Малайсары батыр көшесіндегі аулада болған жанжал кезінде ер адам таныс әйелдің бетіне дене жарақатын салған.
Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Процестік шешім тергеу нәтижесінде қабылданады.
Полиция ер адамның жеке басын анықтап, оны Павлодар қалалық полиция бөліміне жеткізді.
Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарға үндеу жасады:
«Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылықтың құрбаны болса – үндемей қалмаңыздар. Тез арада 102 нөміріне немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарласыңыздар. Анонимдікке кепілдік беріледі. Кейде бір қоңырау – бір өмірді құтқарады», – делінген хабарламада.