Биыл елде заң бұзған 200 мың шетелдік жазаланды – Әленов
Алайда шетелдіктердің 97%-ы көші-қон заңнамасын сақтайды

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға келген шетел азаматтарының саны 7,5 миллионға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға артық. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
«Осы кезеңде елден кеткен шетелдіктер саны 7,2 миллион болған. Қазақстанда қазіргі уақытта 212 мың шетелдік азамат тұрақты тұрып жатыр», - деді Әленов.
Оның ішінде:
- 42 мың адам – Алматы қаласында,
- 32 мың – Алматы облысында,
- 17 мыңнан астамы – Астана мен Қарағанды облысында.
- Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 42%-ға өскен.
Ал уақытша тұрып жатқан шетелдіктердің саны – 430 мың адам. Оның ішінде:
- 360 мыңы – еңбек ету мақсатында,
- 17 мыңы – отбасымен қосылу үшін,
- 8 мыңы – білім алу мақсатында,
- 44 мыңы – жеке істер, туризм және өзге де себептермен келген.
«Қазақстанға келетін шетел азаматтарының 90%-ы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен келген. Оған себеп көрші елдермен шекаралық байланыстардың, еңбек нарығындағы сұраныстың және көлік логистикасының әсері болып отыр. Көші-қон қызметінің мәліметіне сәйкес, келген шетелдіктердің 97%-ы көші-қон заңнамасын сақтайды. Дегенмен, заң бұзғандар да бар.2025 жылы 200 мыңнан астам шетелдік әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды», - деді Бауыржан Әленов.