Прокуратура тексеру жүргізіп, заңсыз әрекеттің алдын алды
Тараз қаласының прокуратурасы кәсіпкердің құқықтарының бұзылуына жол бермей, әділеттілікті қалпына келтірді. Мәселе салық тексеруінің заңға сай жүргізілмеуінен туындаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 29 сәуірде Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Н және K» ЖШС-ге қатысты салықтық тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижесінде кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасының мұнай өнімдері мен акцизделетін тауарлардың айналымын реттейтін заңнаманы бұзды деген негізде әкімшілік хаттама толтырылған.
Алайда, бұл заңбұзушылықтар тексеру актісінде көрсетілмеген, яғни ресми дәлелсіз болған.
2025 жылғы 3 маусымда сот шешімімен кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Тараз қаласының прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Жамбыл облыстық соты прокурордың дәлелдерін негізді деп танып, салық органдарының тарапынан заңбұзушылықтар орын алғанын мойындады.
2025 жылғы 1 шілдеде апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, құқық бұзушылықтың болмағанын ескеріп, әкімшілік іс жүргізуді тоқтатты.
Осылайша, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз айыппұлдан қорғалды.