Халықаралық қылмыстық топ 2 ай көлемінде белсенді әрекет еткен
Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменттері Өзбекстан құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жанармай өнімдерін шекарадан жасырын тоннель арқылы өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында анықталғандай, топ мүшелері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жақын аумақта ұзындығы 450 метрге жететін жерасты тоннелін қазған. Бұл құрылым жанар-жағармай өнімдерін жасырын тасымалдауға арналған.
Халықаралық қылмыстық топ 2 ай көлемінде белсенді әрекет еткен. Осы уақыт ішінде олар шетелден қаржыландырылып отырған жанармай өнімдерін жасырын өткізетін логистикалық бағыттар мен жеткізу арналарын құрған.
Операция барысында Өзбекстан тарапы да өз аумағында осындай шаралар қабылдаған. Екі елдің құқық қорғау органдары үйлесімді жұмыс атқарып, заңсыз әрекеттердің жолын кесті.
Қылмыстық іске қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қазақстан Республикасының бес азаматы күдікті ретінде танылды.
Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.