Ірі көлемдегі заңбұзушылық фактісі анықталды
Алматы қаласында Қытайдан Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды заңсыз кіргізу және аса ірі мөлшерде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу нәтижесінде «Group of the Companies TDA» ЖШС-і уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді елімізге контрабандалық жолмен жеткізгені анықталған.
Компания басшылығы өз бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Бұл әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 10 миллиард теңге көлемінде (ҚҚС, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша) шығын келтірілген.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндіріп алынды. Сонымен қатар, сот санкциясымен жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын тауарлар мен 300 миллион теңге көлеміндегі мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, шатырлар және т.б.) тыйым салынды.
Іске байланысы бар 47 серіктес кәсіпорын өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 миллион теңге көлемінде салық төлеген.
Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар 1 жыл 4 айдан бастап 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың мүлкі тәркіленді.
Іске қатысы бар тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланды.