COVID-19: ҰБТ тапсыратындар 5 деңгейлі бақылаудан өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Тест тапсырушылар бір-бірінен 2 метр алыс отырады

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты Ұлттық бірыңғай тестілеу пункттерінде қауіпсіздік пен бақылау барынша күшейтіледі. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов дүйсенбідегі брифингте айтты. 

«Тест тапсырушылар арасындағы 2 метр арақашықтықты қатаң сақтау арқылы маскалы режим жүзеге асырылады. Әр тестіленуші 5 бақылау кезеңінен өтеді. Оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы тоннель арқылы өту де бар. Одан кейін аяқ киімді арнайы сүрткішпен дезинфекциялайды. Үшінші – қолын антисептикпен тазалайды. Келесі кезеңде тестіленуші термобақылаудан өтуі тиіс. Егер дене қызуы байқалған жағдайда оған кезекші медициналық қызметкерлер көмек көрсетеді. Содан кейін тестіленушіге бір рет қолданылатын немесе респираторлық маска ұсынылады», - деді Д. Смағұлов бүгінгі брифингте.

Әр пунктте «қалыпты емес жағдайларға» арналған арнайы аудиториялар да қарастырылған. Ал тест тапсырушылар бір-бірінен 2 метр алыс отырады. Көпшіліктің топтасуын болдырмас үшін ата-аналарға тестілеуге келуге тыйым салынған.

«Карантинге байланысты елімізде адамдардың жаппай жиналуына тыйым салынғанын атап өту керек. Бұл ережелерді елемеу – түлектер үшін қосымша тәуекел. Сондықтан мен алдын ала барлық ата-аналардан кешірім сұрап, оларды түсіністік танытуға шақырамын: өйткені оларға ҰБТ өткізу пунктінде болуға рұқсат етілмейді. Ғимарат аумағын құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоршайды», - деп түсіндірді орталық директоры.

Бірақ әрбір ата-ана тестілеуді онлайн тапсыру процесін көре алады. Бұл үшін әрбір аудиторияның онлайн көрсетілімі қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға 131 мың 755 адам қатысады. Оның 82 пайызы – биыл оқу бітіргендер. Тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пунктте өтеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан