30-дан аса адам жарақат алды
АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында автокөлік адамдар тобына қатты жылдамдықпен соғылып, кемінде 30 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Қалалық өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендердің нақты саны нақтыланып жатыр. Жарақат алғандардың кейбірінің жағдайы ауыр.
Лос-Анджелес полиция департаментінің өкілі Лиллиан Карранцаның айтуынша, бұл оқиға кездейсоқ емес, жүргізуші қасақана әрекет еткен болуы мүмкін.
«Лос-Анджелестегі бұл шабуыл әдейі жасалғанға ұқсайды», – деді Карранца CBS телеарнасына берген сұхбатында.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері дереу жеткен. Қазір полиция істің мән-жайын анықтап, оқиғаның себептерін тергеп жатыр.