Оралда жүргізуші куәлігін жасап беремін деген алаяқ жұрттың 6,5 млн теңгесін қағып алған
Ол 13 адамды алдап кеткен

Орал қаласында жүргізуші куәлігін «жасап беремін» деп уәде етіп, бірнеше адамды алдаған азамат қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Көпшіліктің сеніміне кіріп, ақшаларын иемденген
Орал қалалық полиция басқармасына қарасты Шаған полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтықпен айналысқан азамат анықталды.
Ол өзін «жүргізуші куәлігін заңсыз жасап беремін» деп таныстырып, қала тұрғындарының сеніміне кіріп, ақшаларын алған.
13 адам жапа шекті, шығын – 6,5 миллион теңге
Бүгінгі таңда 13 адамның осы азаматтың арбауына түсіп, жалпы 6 500 000 теңге көлемінде шығын келгені анықталды.
Қылмыстық іс қозғалды
Аталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен іс қозғалды. Ол қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция тұрғындарды ескертеді
Полиция департаменті азаматтарды құжаттарды тек ресми жолмен рәсімдеуге шақырады.
Күмәнді жағдайлар мен алаяқтық фактілері туралы дереу полицияға хабарлау қажет екенін еске салады.