$ 533.61  621.07  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Киік етінен адамға аусыл, бруцеллез, сібір жарасы жұғуы мүмкін бе

Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Киік етінен адамға аусыл, бруцеллез, сібір жарасы жұғуы мүмкін бе
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда ақбөкендердің саны артып келе жатқанына байланысты олардың санын реттеу шаралары қолға алынды. Бұл жұмыстарды «Охотзоопром» РМК қызметкерлері атқарады. Ақбөкендердің ұшалары рефрижераторларға салынып, арнайы соятын пунктерге жеткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақбөкендер мен малдарға эпидемиологиялық бақылау жүргізіледі

Жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында (мысалы, аусыл, бруцеллез, сібір жарасы және тағы басқа), Ұлттық ветеринария референттік орталығы ақбөкендер популяциясына тұрақты эпизоотиялық мониторинг жүргізіп отырады.

Сондай-ақ ақбөкендермен ортақ жайылым мен суаттарда жайылатын ауыл шаруашылығы жануарлары да назардан тыс қалмайды – ветеринариялық қызмет оларға да мониторингтік зерттеулер жүргізіп тұрады.

Ақбөкен етін өңдеу мен сараптау қатаң бақылауда

Ақбөкенді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыруға қатысты барлық жұмыстар тиісті нормативтерге сай жүргізіледі. 2023 жылғы 27 қарашада екі ұлттық стандарт бекітілген:

  • ҚР СТ «Сайғақ еті бұқтырылған. Техникалық шарттар»;
  • ҚР СТ «Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар».

Қазіргі уақытта 6 облыста 24 сою пункті жұмыс істеуде. Барлық нысандар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жабдықталған (тоңазытқыш камералар, арнайы бөлмелер, судың болуы және т.б.).

Әрбір ұша ветеринариялық сараптамадан өтеді

Сою орындарына жеткізілген ұшалар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауымен міндетті сараптамадан өтеді. Зерттеу жұмыстарына мыналар кіреді:

  • ұшаның, ішкі ағзалардың және басының органолептикалық тексерісі;
  • лимфа түйіндері мен ағзаларды жарып қарау;
  • қайнату сынамасы;
  • финноз (цистицеркоз) бойынша зерттеу;
  • жалпы радиациялық фонды өлшеу.

Ет ветеринариялық талаптарға сай деп танылса, әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді. Ал биологиялық қалдықтар залалсыздандырылады.

Ет қауіпсіздігін растайтын құжатпен бірге жүреді

Ақбөкен етінің әр партиясы ветеринариялық анықтамамен сүйемелденеді. Бұл құжат өнімнің шыққан жерін, қауіпсіздігін, сапасын дәлелдейді.

«Ветеринария туралы» ҚР Заңының 22-бабына сәйкес, ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз жануар өнімдерін өткізуге тыйым салынған.

Тұтынушыларға арналған ескерту

Ішкі сауда нысандарында ветеринариялық инспекторлар күн сайын бақылау жүргізеді. Олар:

  • өнімнің ветеринариялық анықтамасы бар-жоғын;
  • сою орнының таңбасын;
  • тасымалдау кезіндегі температуралық режимнің сақталуын;
  • зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді.

Сол себепті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға ақбөкен етін арнайы белгіленген сауда орындарынан, міндетті түрде ветеринариялық құжаттармен бірге сатып алуға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары