ШҚО прокуратурасы азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «Заң және Тәртіп» республикалық акциясы аясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс әсіресе қоғамнан оқшауланған жағдайда ұсталған тұлғалардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған. Облыста қамауда отырғандарды ұстау бойынша заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған акция аясында Өскемен қаласының прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарын қатыстыра отырып, уақытша ұстау изоляторларындағы (УҰИ) ұстау шарттарын жоспарлы түрде тексерді.
2025 жылдың басынан бері құқық қорғау органдары 138 адамды ұстаған. Оның 97-сіне қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Тексеру барысында санитарлық-тұрмыстық жағдайлар мен ұстау режиміне байланысты бірнеше заңбұзушылық анықталды.
Прокуратура қабылдаған қадағалау шаралары нәтижесінде заң талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.