84 түйе өлген, 204-і ауырған
Атырау облысының Құрманғазы ауданында белгісіз індеттен жүздеген түйе ауырып, ондағаны қырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Azh.kz сайтына сілтеме жасап. Мамандар індеттің нақты себебін әлі анықтай алмай отыр.
Маусым айынан бері аудан бойынша 204 түйе ауырып, оның 84-і өлген. Қазір 47-сі ем қабылдап жатыр, 73-і сауығып шыққан. Көбіне Дыңғызыл, Еңбекші және Мақаш ауылдарында мал шығыны көп тіркелген.
«Биыл түйелер ауырып, қатты қиындық көріп отырмыз. Менің бес түйем мен екі ботам өлді. Біз тек осы малмен күн көріп отырмыз», – дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдолова.
Құрманғазы аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жеткеншек Қалиұлының айтуынша, түйелерге инфекциялық емес ішкі ауру деген алдын ала диагноз қойылып, симптоматикалық ем жүргізілген. Бірақ нақты қоздырғыш анықталмаған.
«Мал – біздің жалғыз күнкөрісіміз. Егер індеттің себебі белгісіз күйінде қалса, басқа да ауылдарға тарауы мүмкін. Бізге нақты диагноз, нақты шешім керек», – дейді жергілікті шаруалар.
Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, егер дерт инфекциялық сипатқа ие емес деп танылса, мал иелері талдау мен зерттеуді ақылы түрде өткізе алады. Қазір республикалық деңгейдегі мамандар келуін күтіп отыр.