Көпбалалы және марапатталған аналарға 300 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді – министрлік
Маусым айының өзінде 867 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алды

Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 857,9 мыңнан астам отбасы балалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақылармен қамтылды. Бұл мақсатта жалпы 304,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ішінде:
- Көпбалалы отбасыларға – 615,4 мың отбасыға 265,8 млрд теңге;
- Марапатталған аналарға – 242,5 мың адамға 39 млрд теңге.
Маусым айының өзінде 867 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алды
2025 жылдың маусым айында ғана:
- Көпбалалы 623,5 мың отбасы – 44,8 млрд теңге алды;
- 243,9 мың марапатталған ана – 6,5 млрд теңгемен қамтылды.
Жалпы осы айда мемлекеттен 51,3 млрд теңге көлемінде төлемдер жүргізілді.
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы: табысына қарамастан беріледі
Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы: 4 және одан да көп бірге тұратын баласы бар отбасыларға (18 жасқа дейінгі немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалар). Табысына қарамастан тағайындалады.
2025 жылы бала санына қарай төлем мөлшері төмендегідей:
Балалар саны | Мөлшері (АЕК) | Төлем (теңге) |
---|---|---|
4 бала | 16,03 АЕК | 63 030 ₸ |
5 бала | 20,04 АЕК | 78 798 ₸ |
6 бала | 24,05 АЕК | 94 565 ₸ |
7 бала | 28,06 АЕК | 110 332 ₸ |
8 және одан көп | әр балаға 4 АЕК | 15 728 ₸ |
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне ай сайынғы жәрдемақы
Мемлекеттік марапатқа ие аналарға тағайындалатын жәрдемақы ай сайын төленеді. Бұл төлем:
- «Күміс алқа» иелеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- «Алтын алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің иелеріне – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге мөлшерінде жүргізіледі.
Жәрдемақы көлемі 2025 жылы 6,5%-ға артты
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған барлық мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі 6,5%-ға өсті. Бұл өзгеріс инфляцияны өтеу және отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында енгізілді.