Жарты жылдың есебі: Қазақстанда 6 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Автор: Асыл Арман

Алты айда 4 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелді

Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмысын белсенді жүргізіп келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 3 956 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталған. Оның 1800-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұйымдасқан және трансұлттық қылмыстық топтар әшкереленді

Есірткі қылмыстарының құрылымдық деңгейде ұйымдастырылып жатқанын көрсететін деректер де бар. Атап айтқанда, 21 қылмыстық іс ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару фактілері бойынша қозғалған. Олардың екеуі трансұлттық сипатта. Тергеу нәтижесінде 11 қылмыстық топтың басшысы мен 43 мүшесі ұсталды.

6 тоннадан астам есірткі тәркіленді, синтетиканың үлесі артуда

Жарты жыл ішінде 6 тоннадан астам есірткі заты заңсыз айналымнан шығарылды. Арасында синтетикалық есірткінің көлемі екі есе артып, 570 кг-ға жетті. Бұл – жастар арасында кең таралып жатқан синтетикалық есірткілерге қарсы күрестің өзектілігін айқындайды.

103 есірткі зертханасы мен 218 егістік жойылды

Есірткі өндірісіне бағытталған 103 зертхана жойылып, 218 есірткі өсімдігін егу фактісі тіркелді. Сонымен қатар, елге есірткі жеткізудің 63 контрабанда фактісі анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Есірткі сайттары мен қаржы арналары бұғатталды

Жастар арасында танымал 17 мыңнан астам есірткі сайттары бұғатталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Сондай-ақ, күмәнді операциялармен байланысты 24 мың банктік шот бұғатталып, олардың шоттарынан 2,4 миллиард теңге тәркіленді.

Есірткіге қарсы күрес: Жастармен жұмыс жалғасуда

Алдын алу бағытында 11 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 1 миллионнан астам жас пен жасөспірім қатысты. Бұл – есірткіге қарсы күрестің тек жазалау емес, профилактикалық сипатта да белсенді жүріп жатқанын көрсетеді.

ІІМ: Есірткіге қарсы күрес – болашақ ұрпақ үшін

«Есірткі қылмысына қарсы күрес – бұл қоғам қауіпсіздігі мен келер ұрпақтың амандығы үшін атқарылатын маңызды жұмыс. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілген тәртіпте жалғасады», – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.