Баянауыл 16 маусымнан бастап туристерді қабылдамайды

Автор: Azattyq Rýhy

Курорттық аймақтағы негізгі заңбұзушылық – тепловизорлар мен санитайзерлердің болмауы

evroviza.kz

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Instagram желісіндегі парақшасы арқылы аудан тұрғындары мен қонақтарына үндеу жолдады.

Елімізде төтенше жағдай режимін алып тастағанына қарамастан, Павлодар облысында да эидемиологиялық жағдайдың өзекті болып отырғанын атап өткен аудан әкімі коронавирустың көптеп таралуын болдырмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керек екенін айтты.

«Баянауыл ауданының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 16 маусым сағат 00.00-ден бастап Баянауыл, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөл демалыс аймағының барлық демалыс үйлері мен жағажайлары санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жабылды. Бұл – бірінші кезекте өзіміздің амандығымыз үшін өте маңызды», - деді Қанат Кәрімов. 

Айта кетерлігі, Баянауыл курорттық аймағындағы демалыс үйлерінің 60%-ға жуығы маусымның ашылуына дайын емес. Құрамында санитарлық дәрігерлер, жергілікті атқарушы органдардың және жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар арнайы мониторингтік топ көптеген турбазалардың қоршаған ортаға эмиссияға дайындық актілері мен рұқсат алмауын анықтады. Тіпті, он демалыс үйінде әлі күнге дейін жөндеу немесе құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Дегенмен, мониторингтік топ анықтаған негізгі заңбұзушылықтар – тепловизорлардың, санитайзерлердің және дезинфекциялау құралдарының болмауы.