Ол терезе арқылы кіріп, зергерлік бұйымдарды ұрлаған
Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтер ұрлығын жасады деген күдіктіні ұстады. Қаскөй жеке тұрғын үйге терезені ашу арқылы кіріп, бағалы заттар мен зергерлік бұйымдарды қолды қылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекске сәйкес іс қозғалып, тергеу басталды.
Қазіргі таңда күдіктінің Алматы қаласында жасалған басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников тұрғындарға төмендегідей сақтық шараларын ұстануға кеңес берді:
«Пәтер тонау – мүліктік қылмыстардың жиі кездесетін түрлерінің бірі. Біз қылмыскерлердің әрекет ету тәсілдерін жүйелі түрде зерттейміз. Азаматтар алдын алу шараларын ескерусіз қалдырмауы тиіс», – деді Решетников.
Полиция департаменті мүліктік қылмыстарға қарсы күресті жалғастырып, азаматтарды қырағы болуға және күмәнді жағдайларда 102 нөміріне дереу хабарласуға шақырды.