Үкімет әлеуметтік сала шығындарына бақылауды күшейтетін болды
Әлеуметтік саланы қаржыландыруға бюджеттен 50%-дан астам қаражат бөлінеді

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жыл сайын республикалық бюджеттің 50%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталады», – деді ол.
Бұл қаражат мынандай жобаларға жұмсалады:
- зейнетақы төлемдеріне;
- мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына;
- көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға;
- мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақыларға;
- мектептер мен ауруханалар салуға;
- инфрақұрылымдық жобалар.
Ресурсты пайдалану тиімділігіне бақылау күшейді
Олжас Бектенов ресурстарды мақсатты әрі әділ пайдалану үшін бақылау күшейтілгенін айтты. Бұл ретте қолданыстағы әлеуметтік қолдау параметрлері қайта бағаланады, теріс пайдалануға жол бермеу үшін жаңа тәсілдер енгізіледі.
Әлеуметтік әділетсіздік пен алаяқтық фактілері анықталды
Премьер-министрдің айтуынша, жүргізілген талдау барысында кейбір әлеуметтік көмек түрлері әділетсіз бөлініп, қолдау шаралары теріс пайдаланылған.
«Қазір біз бүкіл халықты алты санатқа бөліп, цифрлық отбасы картасы арқылы жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Бектенов.
Соның ішінде алтыншы санат – табысы жеткілікті жоғары азаматтар мен отбасылар. Бұл топ әлеуметтік көмек алушылар қатарынан алынып тасталады.
Көмек тек мұқтаж азаматтарға беріледі
Үкімет басшысы әлеуметтік қолдау шын мәнінде жұмыс істеуге қабілетсіз немесе денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз адамдарға бағытталатынын мәлімдеді.
«Көп балалы аналар немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтар сияқты жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқтарға ерекше назар аударылады», – деді премьер-министр.
Сонымен қатар ол әлеуметтік тәуелділік пен алаяқтық деректерімен күрес күшейетінін, әрбір іс жеке қаралатынын, көмек тек шын мұқтаж жандарға ғана көрсетілетінін атап өтті.