Қарағанды облысында 100-ден астам ұсақ мал қырылып қалды
Тұрғындар уланған болуы мүмкін деп отыр
Әлеуметтік желіде Қарағанды облысының Долинка елді мекенінде қой-ешкілердің жаппай қырылғанын көрсететін видео тарап жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 15 шілдеге қараған түні жайылымда жүрген 100-ден астам қой өліп қалған. Тұрғындар жануарлардың өлекселері жайылымда жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындары малдың улануы мүмкін екенін болжайды.
Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, бұл оқиға расымен тіркелген.
«Жануарлар бір орыннан су ішкен. Алдын ала болжам бойынша, олар уланудан қырылған болуы мүмкін. Қазір зертханалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Қырылу себебі нақты зерттеу нәтижелері шыққан соң белгілі болады. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, қауіпті инфекциялар тіркелмеген. Мамандар уланудың нақты себебін анықтап, осындай жағдайлардың алдын алу жұмысын жалғастырып жатыр», – делінген басқарма хабарламасында.