Қаржы жымқыру фактісі мәдениет үйінде анықталды
Жарқайың аудандық прокуратурасы «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-ның қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізу кезінде аса ірі көлемде ақша қаражатын ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 13 маусымда Жарқайың аудандық соты мекеменің бұрынғы есепшісін аса ірі мөлшерде қаржы ұрлағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, сот оған 7 жыл бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқаруға тыйым салды.
Сот тергеуі барысында айыпталушының өз қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, ұзақ уақыт бойы мекеме қаржысын жүйелі түрде жымқырғаны белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, келтірілген залалдың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асты.
Сот жәбірленуші мекеменің азаматтық талабын да қарастырып, келтірілген материалдық шығынды толық өтеу туралы шешім шығарды.