Эпидемиолог субұрқақта шомылу неліктен өте қауіпті екенін түсіндірді

Автор: Алмас Ерсін

Қаладағы фонтандарда тоқ соғуы, инфекция жұуы мүмкін

Фото: istockphoto.com

Ыстық күндері балалардың қалалық субұрқақтарда су шашып ойнап жүргенін жиі көруге болады. Алайда олар бұл әрекеттің денсаулыққа елеулі зиян тигізуі мүмкін екенін түсіне бермейді. Субұрқақтарда шомылуға қатаң тыйым салынған , деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астаналық құтқарушылар фонтандарда шомылудың қауіпті екенін еске салды.

«Механикалық жарақат алу қаупі жоғары: тегіс емес беттер, су ағындары, декоративті элементтер, сондай-ақ олардың ішіне орнатылған құбырлар мен сорғылар құлау мен жарақатқа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар көптеген субұрқақ жарықтандыру және басқа да электр жабдықтарымен жабдықталған, ал бұл тоқ соғу қаупін туындатады», - делінген хабарламада.

Сол себепті барлық субұрқақта шомылуға тыйым салынғанын білдіретін арнайы белгілер орнатылған.

Субұрқақтар – қаланы көріктендіру элементтері. Олар ауаны ылғалдандыруға және эстетикалық мақсаттарға арналған. Бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған.

«Субұрқақтар қоғамдық орындарда орналасқандықтан, олардың суы тез ластанады: ішіне қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, жәндіктер түседі. Онда қаңғыбас жануарлар мен құстар да шомылуы мүмкін, ал олар түрлі инфекциялардың тасымалдаушысы. Су – вирустар мен бактериялар үшін қолайлы орта. Ал ауа температурасының жоғары болуы микроағзалардың тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан фонтанда шомылуға ғана емес, тіпті қолды немесе жеміс-жидекті жууға да болмайды. Мұндай әрекеттерді тек ауыз суға арналған арнайы орындарда ғана жасау керек», – деп ескертті Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.

Зертханалық талдаулар көрсеткендей, мұндай суларда энтеро- және ротавирустар, ішек таяқшалары, сальмонеллалар мен шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары) сияқты жедел ішек инфекцияларын қоздыратын патогенді микроағзалар болуы мүмкін. Әсіресе бауырды зақымдайтын және оның қызметіне ауыр нұқсан келтіретін А гепатиті вирусынан сақ болу керек.