80 мыңнан астам жолаушы Алакөл мен Бурабайға пойызбен барды
Маусым соңына дейін 280 мың жолаушы тасымалдануы мүмкін

Алакөлге қатынайтын бағытта орындардың 100%-ы толы, маусым соңына дейін 280 мың жолаушы тасымалдануы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі ірі курортқа сұраныс жоғары
Жазғы маусымның басынан бері елдегі танымал демалыс аймақтарына — Курорт-Бурабаймен Алакөлге 80,4 мыңнан астам жолаушы пойыз арқылы жеткен. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Курорт-Бурабай станциясына – 47,8 мыңнан астам, Алакөл жағалауына – 32,5 мыңнан аса жолаушы жеткізілді», – делінген ресми ақпаратта.
Алдын ала болжам бойынша, Алакөлді биылғы маусымда 280 мың адам тамашалауы мүмкін. Бұл — былтырғы көрсеткіштен 16 мыңға көп.
Курорттық бағыттарға қосымша пойыздар жіберілді
Компания мәліметінше:
- жаз мезгілінде 4,2 миллион жолаушыны 112 бағыт бойынша тасымалдау жоспарланған;
- Алакөл, Балқаш, Бурабай бағыттары бойынша қосымша пойыздар қосылды;
- 11 қосымша пойыз және вагон тіркемелері күнделікті немесе аптасына бірнеше рет қатынайды;
- аса танымал бағыттар: Астана мен Алматыдан Достыққа, Жалаңашкөлге, Шымкентке және басқа аймақтарға.
Теміржол вокзалдарында жағдай жақсарды
Сапар жайлылығы үшін вокзалдар инфрақұрылымы жаңартылып жатыр:
- Жалаңашкөл мен Көктұмада қызметкерлердің икемді жұмыс кестесі енгізілді;
- Ақши станциясының вокзалы тәулік бойы жұмыс істейді;
- күту залдары, санитарлық аймақтар мен вокзал маңы абаттандырылды;
- билет кассалары мен громкоговоритель жүйелері толық жұмыс істеп тұр.