$ 524.24  612.94  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы жанындағы ғимарат заңсыз деп танылып, мәжбүрлі түрде бұзылады

Компания иесі сот шешімімен келіспейтінін айтты

Сот шешімі 2025 жылдың наурызында шыққанымен, ғимарат бірнеше ай бойы бұзылмай келген. Бүгінде нысанды арнайы техника көмегімен мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ғимарат бастапқыда қоғамдық дәретхана ретінде салынуы тиіс болған

Шымкент қаласы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары «Қиял әлемі» саябағы жанындағы үш қабатты ғимаратты тексеру барысында оның заңсыз салынғанын анықтады. Аталған нысан «REAL PACK» ЖШС-ға тиесілі.

Тексеру нәтижесі бойынша:

  • Жалпы аумағы шамамен 1 гектар болатын жер телімі бастапқыда қоғамдық дәретхана салу үшін бөлінген;
  • Жер телімі Қазақстан Республикасының Жер кодексі талаптарын бұза отырып берілген;
  • Жерге қатысты рұқсат құжаттары ресімделмей жатып құрылыс жұмыстары басталған.

Сот шешімі орындалмай келді

«2025 жылғы наурызда шыққан сот шешімі бойынша ғимарат заңсыз деп танылды. Сот орындаушысы нысанды мәжбүрлеп сүру туралы іс қозғады. Алайда төрт айдан астам уақыт бойы сот шешімі орындалмады. Сондықтан бүгін арнайы техниканы тарта отырып, нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданды. Айта кетейін, бұл жер телімі 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Кейіннен әкімдік бұл аумақтағы заңсыз ғимаратты бұзу туралы талап арыз берген», – деді Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық іс жүргізу бөлімінің басшысы Серік Нұрлан.

Компания өкілдері шешіммен келіспейді

«REAL PACK» ЖШС заңгері Асқар Астаев сот шешімімен келіспейтіндерін және бұл шешімді Жоғарғы сотқа дейін апаратындарын айтты:

«Біз сот шешімімен келіспейміз. Ғимарат құрылысын жалғастыруға толық заңды негізіміз бар деп санаймыз. Сот шешімі күшіне енгенімен, бізде оны шағымдануға құқық бар. Жақын күндері Жоғарғы сотқа өтініш түсіреміз. Сонымен қатар, бұл – құрылыс күрделілігінің екінші санатына жататын нысан. Сондықтан оны сүру кезінде де, тұрғызу кезіндегідей құрылыс нормалары сақталуы тиіс деп есептейміз», – деді заңгер.

Компания бұған дейін де жауапкершілікке тартылған

Еске сала кетейік, 2024 жылы бұл компания жер пайдалану тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы «REAL PACK» ЖШС-ға айыппұл салған.

Серіктес жаңалықтары