Күдіктінің 9 іске қатысы бары анықталды
Қарағанды облысының тұрғындары өздерін оңай несие мен зейнетақы қорындағы ақшаны алып беремін деген әйелге алданып, 12 миллион теңгесінен қағылды. Күдікті әйел қазір қамауда, сот шешімін күтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылдың көктемінде Қарқаралы аудандық полиция бөліміне бірнеше азаматтан ұқсас мазмұндағы арыздар түсе бастаған. Барлығы 32 жастағы Абай облысының тұрғыны әйелге қатысты болған. Ол адамдарға ірі көлемде несие рәсімдеуге және зейнетақы жинақтарын шешіп алуға көмектесемін деп уәде берген. Қызметі үшін сыйақы да сұраған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері әр арызды жеке-жеке зерделеп, әйелдің әрекеттері жүйелі түрде жасалған алаяқтық екенін дәлелдеді. Барлығы 9 эпизод бір іске біріктірілді. Келтірілген шығын – шамамен 12 миллион теңге.
ІІМ мәліметінше, әйел азаматтардың сенімін пайдаланып, олардың үмітін саудаға салған.
«Ол сенімге кіріп, қаржылай қиын жағдайда жүрген азаматтардың үмітімен ойнады. Қазіргі уақытта ол сот үкімін күтіп отыр. Тергеу барысында жиналған дәлелдер оның кінәсін бұлтартпас түрде растайды», – делінген ІІМ хабарламасында.