Ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы 13 медаль жеңіп алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ұлттық құрама наурыз айынан бері 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді

Фото: Olympic.kz

Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл сында Қазақстан құрамасы алға қойған барлық мақсатты сәтті орындап, командалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агентті Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

10 жылдан кейін елордада халықаралық жарыс

Қазақстанда ауыр атлетикадан халықаралық деңгейдегі жарыс соңғы рет 2014 жылы Алматыда ұйымдастырылған болатын. Ол кезде 76 елден келген 700-ге жуық спортшы әлем чемпионатында бақ сынаған. Сол додада біздің ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп, төртінші орынға табан тіреген еді.

Азияның 27 құрамасы Астанаға жиналды

Араға он жыл салып, Астана қаласы тағы да ауыр атлетиканың халықаралық аренасына айналды. Жарысқа 27 елдің құрамасы қатысып, 450-ден астам зілтемірші өзара мықтыны анықтады. Жарыстың ауқымдылығы мен деңгейі айқын байқалды. Қазақстан құрамасы жарыс иесі ретінде ең көп спортшымен сынға түсті.

Жоғары дайындық – жоғары нәтиже

Қазақстан құрамасының бас бапкері Альберт Хакимулин жарыс алдындағы дайындыққа ерекше тоқталды:

«Азия чемпионатына дайындық жоғары деңгейде өтті. Наурыз айынан бері 6 оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Соңғысы Алматы облысында ұйымдастырылды. Спортшыларымыз толық дайын болды, біз тек нәтижеге жұмыс істедік», – деді бас бапкер.

Қазақстан – Азия чемпионы

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

  • 7 алтын;
  • 4 күміс;
  • 6 қола медаль.

Чемпиондар тізімі:

  • Ксения Прозорова – 58 кг дейін;
  • Әлихан Әскербай – 71 кг дейін;
  • Нұржан Жұмабай – 79 кг дейін;
  • Едіге Емберді – 79 кг дейін;
  • Кира Данилова – 69 кг дейін;
  • Ерасыл Сәулебеков – 88 кг дейін;
  • Денис Полубояринов – 94 кг дейін.

Кіші медальдар есебі де Қазақстанның пайдасына шешілді

Жарыста кіші медальдар да (жұлқа көтеру мен серпе көтеру бойынша) жалпы есепке қосылды. Бұл тұрғыда да Қазақстан құрамасы басқа мемлекеттерден озық шықты.