Зардап шеккен фельдшердің жағдайы – орташа ауыр
Жамбыл облысының Байзақ аудандық орталық ауруханасында фельдшерге оқ атылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, оқыс оқиға 10 шілде күні таңертең болды.
Оқиғаға 25 жастағы Байзақ ауылының тұрғыны себепші болған. Ол 27 жастағы таныс фельдшердің жұмыс орнына келіп, дефибриллятордың қалай жұмыс істейтінін көрсетуді сұраған. Алайда фельдшер бұл өтініштен бас тартқан. Осыдан кейін екі ер адамның арасында жанжал туындап, күдікті травматикалық қарумен оқ атқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен фельдшер қазіргі таңда тұрақты, орташа ауыр халде.
«Пациенттің диагнозы – сол жақ кеуде қабырғасының алдыңғы тұсынан оқ жарақат. Ішкі ағзалар зақымданбаған. Динамикалық бақылауда, жағдайы бірқалыпты», – делінген ведомство мәліметінде.
Жамбыл облысының Полиция департаменті аталған фактіні растады. Қазіргі уақытта «Қарумен хулигандық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, құқықтық баға беріледі.