Астанада мопед мінген жасөспірім әйел адамды қағып кетті: оған қатысты үкім шықты
Сот сондай-ақ оның анасын да жазалады

Астана қаласының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты 17 жастағы жасөспірімге және оның анасына қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Сот дерегінше, 2024 жылдың 4 қазанында 17 жастағы М. мопедпен жолда кетіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Оқиға салдарынан әйел адам жарақат алған. Сонымен қатар, жасөспірімнің аморальды өмір салтын ұстанғаны да анықталды.
Бұл әрекет Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі – «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық ретінде тіркелді.
Сот М.-ны 1 жылға бас бостандығын шектеу және 1 жыл 6 айға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасына кесті.
Анасына қатысты әкімшілік іс: «тәрбие міндетін орындамаған»
Жасөспірімнің анасы, азаматша Н.-ға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Аталған бап – «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындамау» ата-аналарды немесе заңды өкілдерді жауапкершілікке тартуға негіз болады.
Сотта әйел адам кінәсін мойындаған жоқ. Ол баласын тәрбиелегенін айтып, оқиғаның болуына жәбірленуші әйелдің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткені себеп болды деп мәлімдеді.
Сот жеңілдететін жайттарды ескерді
Сот анасының екі баласы барын және жазаны ауырлататын жағдайлардың жоқ екенін ескеріп, оған 14 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылғы мөлшерлеме бойынша 55 048 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.