$ 526.5  611.64  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетауда ерлі-зайыпты 18 млн теңге несие алып, алаяқтарға беріп жіберді

Алаяқтық 3-4 шілде аралығында болған

Көкшетауда ерлі-зайыпты 18 млн теңге несие алып, алаяқтарға беріп жіберді
Фото: istockphoto.com

Көкшетауда ерлі-зайыпты жұп өз атына несие рәсімдеп, 18 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтарға беріп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік орган қызметкерімін» деп алдаған

Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың 8 шілдесінде Көкшетау қалалық полиция басқармасына ерлі-зайыпты арыз түсіріп, алаяқтардың арбауына түсіп, ірі көлемде ақшасынан айырылғандарын мәлімдеген.

Алаяқтық 3-4 шілде аралығында болған. Алғашында әйелдің телефонына өзін «Қазпошта» қызметкерімін деп таныстырған адам хабарласып, оның атына салық комитетінен тапсырыс хат келгенін айтқан. Артынша ХҚО, «Cyberpol», Әділет министрлігі өкілдеріміз деп бірнеше адам кезекпен қоңырау шалып, отбасы мүшелеріне олардың атынан алаяқтық жолмен несие рәсімделіп жатқанын айтқан.

«Ақшаны сақтап қалу үшін несие алып, «қауіпсіз шотқа» жіберіңіз»

Қоңырау шалушылар сендіру арқылы жалғыз жол – өз атына несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз» шоттарға жіберу екенін жеткізген. Олардың нұсқауына ерген ерлі-зайыпты үш банк арқылы несие рәсімдеп, барлық қаражатты бөгде адамдардың есепшоттарына (дропперлерге) аударып жіберген.

Жалпы келтірілген шығын – 18 млн теңгеден астам.

Алаяқтар әр аймақта болған: тергеу жалғасуда

Полицейлердің айтуынша, ақшаны алған тұлғалар Қазақстанның әр өңірінен шыққан – Талдықорған, Қарағанды, Астана және Көкшетау қалаларының тұрғындары. Қазір алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, дәл осы схеманы ұйымдастырған тұлғалар анықталу үстінде.

ҚР Қылмыстық кодексі: алаяқтарға қандай жаза қарастырылған?

ҚР ҚК 190-бабына сәйкес, алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе мүлікке құқықты алдау арқылы иемдену:

  • 1 000 АЕК-ке дейінгі айыппұл;
  • 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыс;
  • 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Егер қылмыс топпен алдын ала келісіп жасалса, қызмет бабын пайдалана отырып жүзеге асырылса, ақпараттық жүйені теріс пайдалану арқылы жасалса, Мемлекеттік сатып алу саласында болса, онда жаза күшейіп, 4 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге мүлкін тәркілеу және қызметпен айналысу құқығынан айыру да қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары