Ақмола облысында жала жапты деп айыпталған әйел адам ақталып шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сот әйелдің ұлына қатысты істің тергелуіндегі әділетсіздікті көтергенін негізге алды

Фото: pixabay.com

Ақмола облысында әйел адамға жала жапты деген айып тағылып, әкімшілік іс қозғалған болатын. Алайда сот оның кінәсіз екенін анықтап, істі тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода жол апаты туралы айтқан

Шортанды аудандық соты ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігі («Жала жабу») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам әлеуметтік желіде жарияланған видеоүндеуде өзінің жол апатына кінәлі деп айтылғанын алға тартып, әйелдің үстінен арыз түсірген.

Ұлының өліміне байланысты істі бірнеше рет жапқан

Сотта әйел өзінің ұлы жол апатынан қаза тапқанын, ал оқиғаға кінәлі адамның жауапкершіліктен жалтарып жүргенін, сондай-ақ құқық қорғау органдарының істі бірнеше рет жауып тастағанын айтқан.

Сот анықтағандай, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың маусымына дейін ер адамға қатысты қылмыстық іс кемінде үш рет тоқтатылып, қайта қозғалған.

Әйел әділдік сұрағанын мәлімдеді

Видеоүндеуде әйел құқық қорғау органдарынан әділетті тергеу жүргізіп, кінәлі тұлғаны жауапқа тартуды сұраған.

Сот төмендегі себептерге байланысты әйелді ақтады:

  • видеода жалған ақпарат таратылғаны дәлелденген жоқ;
  • оның әрекетінде жала жабу ниеті болғаны анықталған жоқ;
  • әйел тек өзіне белгілі фактілерді жариялап, әділ тергеуді талап еткен.

Іс сот шешімімен тоқтатылды

Соттың қаулысымен әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Аталған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Анықтама үшін: ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігі

Жала жабу – яғни басқа адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді жария түрде немесе БАҚ пен интернет арқылы тарату – 180 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасына әкеп соғады.