Шымкентте жас жігіт бұрынғы сүйіктісін өлтіріп, мәйітін зорлаған
Қоғамды дүр сілкіндірген іске қатысты сот үкімі шықты

Шымкент қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кісі өлтіру және қылмысты жасыру деректері бойынша екі айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелді өлтіріп, кейін денесін қорлаған
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 12 наурызында ер адам таныс әйелін жанжал кезінде өлтіріп, кейін оның денесін қорлаған.
Осыдан кейін ол жасөспірім танысынан мәйітті жасыруға көмектесуін сұраған. Екеуі бірге марқұмның денесін басқа жерге апарып тастаған.
Негізгі айыпталушы 22 жылға бас бостандығынан айырылды
Сот үкімі бойынша Т. есімді азамат ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы («Адам өлтіру») және 314-баптың 1-бөлігі («Мәйітті қорлау») бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша 22 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас жігіттің кінәсін ішінара мойындауы, бұрын сотталмағаны және 19 жастағы екені ескерілген.
Жасөспірімге қатысты жаза жеңілдетілді
Мәйітті жасырған жасөспірімге қатысты 2 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Амнистия актісіне сәйкес жаза 1 жыл 4 айға дейін қысқартылды
Жасөспірімнің кінәсін толық мойындағаны, өкінгені, кәмелет жасқа толмағаны және 3-топ мүгедектігі – жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың шағым түсіру құқығы сақталады.