Жамбыл облысында ер адам экс-сүйіктісіне берген iPhone телефонын сот арқылы қайтарып алды
Бойжеткеннің айтуынша бұрынғы сүйіктісі телефонды сыйға берген

Жамбыл облысында ер адам бұрынғы сүйіктісіне берген iPhone 15 Pro Max смартфонын сот арқылы қайтарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, құны 530 мың теңге тұратын смартфонды жігіт несиеге алып, қызға уақытша пайдалануға бергенін айтты. Себебі ол кезде қыз баланың телефоны бұзылып қалған. Алайда кейін телефонын қайтармақ болғанда, қыз қарсы шыққан.
Қыз сотта «Бұл – сыйлық еді, мобилограф болып жұмыс істеуім үшін қажет» деп түсіндірген. Бірақ сот оны растайтын дәлелдер жоқ екенін айтып, телефон жігітке тиесілі деп шешім шығарды. Сот гарантиялық талон, меншік құқығын растайтын құжаттар мен басқа да айғақтарды зерттей келе, құрылғыны иесіне қайтаруды міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді. Енді бойжеткен смартфонды қайтаруы тиіс.