Жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды
Балқаш қаласына демалуға бағыт алған көліктердің көптігінен Қарағанды-Балқаш автобаны бойындағы жанармай құю бекеттері сұранысты қамти алмай қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Болжам бойынша, демалыс күндері Балқаш көліне 60 мыңнан астам адам барған, олардың едәуір бөлігі жеке көлікпен жеткен.
Автобанның Шет ауданы аумағындағы жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Демалушылар бензинсіз қалып, күннің астында сағаттап күтуге мәжбүр болған.
Жанармай тасығыш көліктер кешігіп жетіп, бекеттердің қоймалары сарқылған. Жүргізушілер жағдайға наразылық білдірді.
Қала мен көл жағалауындағы демалыс аймақтарына үш күн ішінде 20 мыңнан астам көлік кірген. Тек орталық жағажайлардың өзіне күніне 10 мыңға жуық адам келгені тіркелді.
Демалушылар суға шомылып, жағажайда күнге қыздырынып, тынығуға тырысқанымен, жол азабы мен инфрақұрылымның жетіспеушілігі бұл сапарды кейбірі үшін ауырлатты.
Үш күн ішінде көл жағасынан 400 тонна қоқыс жиналған. Бұл – демалыс маусымына дайындықтың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетті.