Жалған жанармай талондары: Астанада бірнеше алаяқтық іс анықталды
Күдіктінің байланыс нөмірі арқылы кім екені анықталып, қамауға алынды

Елордада бірнеше азамат алаяқтардың құрбаны болды. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экс-қызметкер жүйені пайдаланып пайда тапқан
Алаяқтықтың алғашқы жағдайында жанармай бекетінің бұрынғы қызметкері жалған талондар сатқан. 27 жастағы астаналық азамат АЗС жүйесін жақсы білетінін пайдаланып, жанармай карталары мен талондарының көшірмесін дайындаған.
Ол бұл жалған талондарды арзан бағамен түрлі жанармай бекеттерінде сатып келген. Қазіргі таңда үш зардап шеккен азамат белгілі, алайда полиция жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін деп болжап отыр.
Күдіктінің байланыс нөмірі арқылы кім екені анықталып, қамауға алынды.
Құрылыс қызметі бойынша да алаяқтық тіркелді
Келесі оқиғада 56 жастағы ер адам құрылыс және жөндеу қызметін ұсыну сылтауымен 4 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Ол реконструкция мен қайта жоспарлау жұмыстарын жүргізуге уәде берген.
Алайда тапсырыс берушілердің айтуынша, күдікті жұмысқа кіріспеген, кейін мүлдем байланысқа шықпай қойған. Жәбірленушілер полицияға жүгініп, тергеу нәтижесінде күдікті ұсталды. Оған қала аумағынан шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
Әлеуметтік желі арқылы онлайн-алаяқтық: 800 мың теңге ұрланды
Тағы бір жағдай әлеуметтік желідегі жалған парақша арқылы болған. 37 жастағы астаналық әйел тұрмыстық тауарларды төмен бағамен сатамын деп жарнама берген. Ол жеке және көтерме сауда түрлерін ұсынып, азаматтардың сеніміне кірген.
Бір тұрғын 800 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған, бірақ ақша алынғаннан кейін парақша иесі байланысқа шықпай, аккаунтын өшіріп тастаған. Жәбірленуші полицияға жүгініп, ақша аударымдары арқылы күдіктінің кім екені анықталды. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Полиция ескертеді: абай болыңыз!
Құқық қорғау органдары тұрғындарға төмендегідей кеңес береді:
- Тапсырыс бермес бұрын міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасасып, лицензиялар мен орындаушының тәжірибесін тексеріңіз;
- Әлеуметтік желі арқылы жұмыс істейтін сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз;
- Жанармай талондары мен карталарын тек ресми көздерден сатып алыңыз;
Күдік тудыратын кез келген жағдайда полицияға хабарласыңыз.