Автобус аялдамасында көмек сұраған азаматша алаяқтың құрбаны болды
Астанадағы аялдамалардың бірінде ерекше оқиға орын алды: әйел адам бейтаныс адамнан такси шақырып беруін сұрап, ұялы телефонын ұсынған. Алайда ол көмек көрсетудің орнына, телефон арқылы банк қосымшасын ашып, 100 000 теңгені өз шотына аударып алған. Бұл туралы ҚР ІІМ мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Телефон иесі ақша жоғалғанын келесі күні анықтап, дереу полицияға жүгінген. Оқиға Байқоңыр ауданы аумағында тіркелген.
«Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын жедел анықтады. Ол – елордада тұратын 25 жастағы әйел екені белгілі болды. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгергенін айтты», – делінген полиция хабарламасында.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтеген, сол себепті жәбірленуші шағымынан бас тартқан.
Тергеу аяқталғанша, күдіктіге қатысты елден кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.
Құқық қорғау органдары азаматтарға мобильді құрылғыларын бейтаныс адамдарға сеніп тапсырудан сақ болуға кеңес береді. Тек аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана абайлап әрекет ету қажет.