Көліктің Украинада ұрланғаны бірнеше жылдан кейін белгілі болды
Ақмола облыстық соты ұрланған көлікті білместен сатып алған азаматтың мүддесін қорғады. Бұл туралы облыстық соттың ресми Telegram-арнасында хабарланды, жазады Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылы талапкер жауапкерден автокөлік сатып алған. Алайда 2023 жылы оны қайта сатуға әрекеттенген кезде, көлік Украинада 2015 жылдан бері ұрланғандар тізімінде тұрғаны анықталған. Осы себепті талапкер көлікті өз қалауынша пайдалану құқығынан айырылған.
Талапкер сотқа жүгініп, сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп тануды және төленген ақшаны қайтаруды сұрады. Бірінші сатыдағы сот талапты толық қанағаттандырып, мәмілені жарамсыз деп таныды. Шешімге сәйкес, талапкер көлікті қайтаруға, ал жауапкер ақшаны қайтаруға міндеттелді.
Жауапкер апелляциялық шағым түсіріп, келісімшарт орындалғанын және талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартты. Дегенмен, сот көлік 2015 жылдан бастап ұрланған көлік ретінде тіркелгенін, ал 2019 жылы ғана талапкер атына рәсімделгенін растады. Апелляциялық алқа бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды, ал сот актілері заңды күшіне енді.
Сот шешіміне сәйкес, көлік иесіне қайтарылмайды және тіркеу әрекеттері мүмкін емес. Жауапкердің көлікке қатысты меншік құқығы жойылып, бұрынғы сатушыға талап қою арқылы өзінің мүліктік құқығын қорғауға құқығы бар.