Ол бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген
Көкөзек ауылында баланы көлігімен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Полиция мәліметінше, оқиға 4 шілде күні Көкөзек ауылында болған. 42 жастағы ер адам Lexus автокөлігімен баланы қағып, ешқандай көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді полиция қызметкерлері.
Әлеуметтік желіде тараған видеода көлік артқа жүріп бара жатып, көшеде тұрған жас баланы қағып кеткені анық көрінеді.
Жүргізуші көлікті тоқтатпай, оқиға орнынан еш кедергісіз кетіп қалған.
Полиция көлік тізгінінде болған адам бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істегенін растады.
Алайда ол оқиғаға дейін тәртіптік себептермен қызметтен босатылған.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және 347-бабы («Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу») бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.