Әкімдік өкілдері бұл еңбек ұжымы жерінен 824 гектар жер ізім-ғайым жоқ болып кеткенін растады
Жамбыл облысында еңбек ұжымына тиесілі жердің бір бөлігі белгісіз себеппен өзге адамдардың атына рәсімделіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Төрт мың гектарға жуық жердің 800 гектарын Жамбыл ауданындағы орман шаруашылығы мекемесінің басшысы бай-бағландарға сатып жіберді, дейді шаруалар. Ал атқамінерлер еңбек ұжымынан өзге шаруалар бөлініп шыққанда келісімшарт дер кезінде жасалмағанын айтады. Сол мезетте ауыл тұрғындарының жері сұрау салған басқа адамдарға берілген көрінеді.
Жамбыл ауданындағы «Пионер» еңбек ұжымы жиырма жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Олар орман шаруашылығы жерінен алған 4774 гектар жер теліміне мал жайып, қыстық жем-шөбін дайындап келген. Алайда биыл шұрайлы жерлерді өзге адамдар иемденіп, шаруаларды бұл маңнан қуа бастапты. Абдырап қалған ауыл тұрғындары жерін жоқтап, талай табалдырықты тоздыруда.
«Үлескерлер бізден бөлініп шығуына байланысты 3882 гектар жер бізде заңды түрде болуға тиіс. Бірақ онша гектар жер қалмағанына кәміл сенімдімін. Неге десеңіз, қанша жайылым, қыстық жем дайындайтын жеріміз кетіп қалғанын мына картамен‑ақ дәлелдеп бере аламыз», - дейді «Пионер» өндіріс-кооператив төрағасы Дәурен Мұраталиев.
Жауапты әкімдік өкілдері бұл еңбек ұжымы жерінен 824 гектар жер ізім-ғайым жоқ болып кеткенін растап отыр. Олар құжаттарды қайта көтеріп, шұрайлы жерлер өзгенің атына неліктен өтіп кеткенін енді анықтауға кіріскен.
«3880 гектар жер көрсетілген, бірақ нақты картасымен есептедік, ол жерде 824 гектар жер жетпейтіні анықталды. Біз енді жетпейтін жерді толықтырып, сәйкестендіру бойынша жұмыс істейміз», - дейді Жамбыл облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев.
Былтыр кооперативтен 28 адам өз атына жер алып бөлініп шыққан. Еңбек ұжымының басшылары жерді босату туралы өтініш жазған мезетте орман шаруашылығы мекемесінің басшысы шабындық жерлерді өтініш жазған өзге адамға оңай бере салған көрінеді. Ал келісімшарт қайта жасалған кезде құнарлы жердің сайда саны, құмда ізі қалмаған. Айдың күннің аманында жерінен айырылып дәрменсіз күйін кешіп отырған шаруалар кінәлілер өз жазасыз алып, тиісті жерді қайтаруды сұрап отыр.