Қаржы пирамидасы жұрттың 400 млн теңгесін сыпырып алған
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «зергерлік бұйымдармен айналысатын» деген желеумен жұмыс істеген қаржы пирамидасының жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде таныстырып, салымшыларға 5 ай ішінде салған ақшасының 40-60% көлемінде пайда табатынын уәде еткен. Сонымен қатар, негізгі капиталдың сақталуына кепілдік берілген.
Қаржылық сараптама нәтижесінде табыс көзі ретінде көрсетілген тауар сату іс жүзінде мардымсыз болғаны анықталды. Төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүргізілген, яғни классикалық қаржы пирамидасы схемасы қолданылған.
Жалпы саны 200-ден астам азамат «Ansar Gold» жобасына қатысқан. Олардың салған қаражаттарының жиынтық көлемі 400 миллион теңгеден асады.
Күдіктілер өздерінің туыстарын «дроп» ретінде пайдаланған. Олардың атына рәсімделген банк карталары арқылы қатысушылардың қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам қамауға алынды. Қазіргі таңда оған тиесілі автокөлік пен тұрғын үйге шектеу қойылған. Тергеу ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жалғасып жатыр, өзге ақпарат жария етілмейді.