Алты облыстың тұрғындары шетелге шықпай-ақ шығынға батты
«Англияға құлпынай теруге барамыз деп тақырға отырдық» деген алты облыстың тұрғындары жауапсыз компанияның Алматыдағы кеңсесінің алдында шу шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, серіктестік өткен жылы Ангияға апарып, жылыжайға жидек теруге кіргізу керек болған. Жұмыс іздеген жандар компания шотына әрқайсысы миллион теңгеден астам қаражат аударған. Тіпті кейбірі жалдамалы жұмысшы ретінде бару үшін несие рәсімдеп, бар ақшасын берген. Оларға бір млн 200 мың теңге айлық уәде етіпті. Сайып келгенде, бір жылдан бері не қайтарылған ақша, не ұсынылған жұмыс жоқ.
«Компанияға ТикТок арқылы келдім. 2023 жылы 21 мамырда Гүлнұр ханымға 800 мың теңге жібердім. Содан бері екі жыл өтті, ақшамды ала алмай жүрмін. Әне-міне деп, Бота деген адам ақшамды бермей жүр», - дейді Ғазиза Айсикенова.
Алданғандар кемі 600 мыңнан миллион теңгеге дейін санап берген. Бұған тек ұйымдастыру қызметі ғана кіріпті. Яғни шетелде жүріп-тұруы, виза, тіпті ұшақ билетінің құнын жәбірленушілер өзі бөлек төлеу керек болған.
«Айына кем дегенде миллион табасың» деп үміттендірген компанияның есігі жабық тұр. Алайда әлі күнге дейін бұл орталық адамдарды жинап жүргенге ұқсайды.
Дегенмен компания өкілдері 200-ге жуық адамның қаражатын қайтардық деп, өзіне шаң жуытпай отыр. «Қалғанының да мәселесі шешіледі» деп сендірді.
«700 адамнан 300 адам қалды, олардың ақшасын жіберіп жатырмыз. Тек халық ренжіп, түсінбей отыр. Бәрін қайтарып жатырмыз. Біз күзгі презентацияға дайындалып жатырмыз. Қаңтардан бүгінге дейін 53 миллион қайтарылды», - дейді Jumys.uk компаниясының директоры Бота Жүнісова.
Тақырға отырғандар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырудан шаршадық дейді. Алайда еш нәтиже болмаған. Бүгін олар Әуезов ауданының полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірді. Енді құрамында қылмыс әрекетінің бар екені негізге алынып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды.
«ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағы бойынша, яғни бір емес, бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу басталып кетті. Сот және прокуратураның келісімімен күдіктілер міндетті түрде анықталып, бұлтартпау шарасы тағайындалады», - деп түсіндірді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тұрғындар компаниядан алдағы бір-екі күнде ақшасын толық қайтаруды талап етіп отыр. Әйтпесе, Бас прокуратураға шағымдануға бекінген.