Ақтөбедегі қанды оқиға: зейнеткерлерді өлтірген қаскөй өмір бойына сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Сотталушы барлығынан кешірім сұрады

Фото: pixabay

Ақтөбеде адамдарды кепілге алуға қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты. Сот айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Істің мән-жайы

Бұл атышулы қылмыс 2025 жылдың 13 қаңтарында ақтөбеліктер Мәскеу деп атап кеткен жеке тұрғын үй ауданында болды. Мұнда бұрын медицина қызметкері болған зейнеткер күйеуімен бірге тұрған. Үй иесінің қызы мен жиені де осы үйде тұрған.

Сол қанды оқиға болған күні 38 жастағы Сәрсенбек сөмкесіне бұрағыш (отвертка), пышақ және скотч салып, үй иесінің қызына келген. Дәлірек айтқанда, үйдің ауласындағы жазғы ас үйге кірген.

 "Ер адам терезеден кіріп, үй иесінің келуін күтіп, оған 20 рет пышақ жарақатын салып, жертөлеге тастаған. Осыдан кейін ол Мираның өзіне тап беріп, қол-аяғын байлап, кірпіктерін жұлып алып, жарақат салған", - делінген хабарламада.

Кейін үй иесінің күйеуі ас үйге әйелі мен өгей қызын іздеп келген, Сәрсенбек оны пышақпен ғана емес, балтамен де ұрып, жертөлеге тастаған. Зейнеткерлер алған жарақатынан көз жұмды. Полиция оқиға туралы кешке бір-ақ білген.

"Зейнеткерлерді өлтірген адам олардың қызын кепілде ұстаған. Полиция онымен 3 сағат келіссөз жүргізген. Арнайы операция кезінде олар үйге басып кіріп, үй иесінің қызын босатып, жедел жәрдем шақырғанымен, қарттарды аман алып қала алмаған", - деп жазды басылым.

Ер адам сот алдында жауап берді

Сотталушы екі адамды өлтірді, өмірге қауіпті күш қолдану арқылы заңсыз бас бостандығынан айырды және денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деп айыпталды.

Сотталушы барлығынан кешірім сұрады. Отбасылы, кішкентай баласы бар екенін, оны өсіргісі келетінін айтты.

«Мен ондай қатыгез адам емеспін.Бақытты өмір сүргім келді. Менің жалғыз анам бар, ол кеше келіп: «Мен сені енді ешқашан көрмейтін шығармын» деді. Жазамды жеңілдетіп, ең жоғарғы мерзімді беруді және өмір бойына бас бостандығымнан айырмауды сұраймын», - деді ол.

Айыптаушы тарап сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Зейнеткердің қызы Мира да дәл осындай жазаны қолдады.

Сот шешімі

Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, бұған қоса ол қайтыс болған зейнеткердің туыстарына материалдық шығын үшін 7 миллион теңге және моральдық шығын үшін 20 миллион теңге өтеуге тиіс.

Еске салайық, 14 қаңтар күні кешкі сағат 20.00 шамасында Ақтөбеде белгісіз ер адам Мәскеу ауданында орналасқан үйге басып кіріп, үш адамды кепілге алған болатын. Бірнеше сағатқа созылған келіссөзден кейін олар босатылды. Полицейлер оларды босату үшін операция жүргізіп, күдіктіні ұстады.

Өкінішке қарай, кепілге алынғандардың бірі ауруханаға бара жатқан жолда, екіншісі операция үстелінде қайтыс болды. Марқұмдар 40 жастағы жәбірленушінің анасы мен өгей әкесі болып шықты.