Оған қатысты сот үкімі жарияланды
Астаналық бұрынғы жаттықтырушы өзін фитнес орталықтардың өкілі ретінде көрсетіп, жалған сыйлық сертификаттарын сату арқылы азаматтарды алдап келген. Қылмыстық іс бойынша 24 адам жапа шеккен, келтірілген жалпы материалдық шығын 3,5 млн теңгеден асқан. Ол осы әрекеті үшін сотты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті фитнес-клубтардың жылдық абонементтерін 150 мың теңгеге сатып алуға болады деп сендіріп, сенімге кірген. Ал шын мәнінде, мұндай абонементтердің нақты құны – шамамен 700 мың теңге.
Клиенттер сертификаттарын пайдалану үшін фитнес-орталықтарға келгенде, олардың жарамсыз екенін білген.
Алаяқтық әрекеті үшін сотталған азамат жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеген, әрі ауырлататын мән-жайлар болмаған. Осыған байланысты, сот 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Соңғы жылдары жалған сертификаттар мен бонустық карталар арқылы жасалатын алаяқтықтар жиілеп барады. Әсіресе, онлайн-сатылымдар мен әлеуметтік желі арқылы таралатын ұсыныстар қауіп төндіреді.
Азаматтарға ресми және сенімді сатушылардан ғана қызметтер мен тауарларды сатып алу ұсынылады.
Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық әрекеттердің заңдық салдарын еске салып отыр.
ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабына сәйкес, бөтен мүлікті жымқыру, не сенімді теріс пайдалану арқылы иелену үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.