Ветеринариялық бақылау комитеті тұрғындарды ресми дереккөзге сенуге шақырды
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Астана қаласындағы «Әлем» сауда үйіне сібір жарасы жұққан мал еті жеткізілген туралы ақпарат тарады. Алайда, бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ресми түрде түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитеттің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін елордадағы ешбір сауда орнында, соның ішінде «Әлем» сауда үйінде де жұқпалы ет өнімдерінің сатылуы немесе жеткізілуі тіркелмеген.
«Барлық ет өнімі ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді, тек рұқсат етілген өнімдер ғана сатылады. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», – делінген ресми мәлімдемеде.
Комитет азаматтарды тек ресми дереккөздерге – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырды. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін ескертті.