АҚШ-та фейерверк қоймасында жарылыс болып, соңы отшашуға ұласты (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Йоло округінде төтенше жағдай

Фото: видеодан скриншот

АҚШ-тың Калифорния штатының Йоло округіндегі фейерверк қоймасында қуатты жарылыс болып, соның салдарынан ауқымды өрт шықты. Бұл туралы ақпаратты округтің шериф кеңсесі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Эспарто мен Мэдисон елді мекендерінің маңында болған. Қауіпсіздік мақсатында оқиға орнынан 1,6 шақырым (бір миль) радиустағы аймақ түгелдей эвакуацияланды.

«Біз барлық тұрғынды бұл ауданнан аулақ болуға шақырамыз. Бұл - өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажет», - делінген шериф кеңсесінің мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Ресми органдар тергеу жүргізуде.

16 маусымда Қытайдың оңтүстігіндегі Хунань провинциясында да фейерверк өндіретін зауытта жарылыс тіркелген болатын. Оқиға таңғы 08:23 шамасында Шаньчжоу ауылының маңында болды. Жарылыстан кейін аспанға саңырауқұлақ тәрізді қара түтін көтеріліп, оны куәгерлер бейнежазбаға түсіріп алған.