Ол бүгінгі күні республикалық бюджетке төленді
"Қазхром "ТҰК" АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауыты қазандығы 2025 жылдың 1 тоқсанында 700 тоннаға жуық ластаушы затты қоршаған ортаға нормативтен тыс шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше кәсіпорынға 855 млн теңге айыппұл салынып, ол бүгінгі күні республикалық бюджетке төленді.
«1990-шы жылдардан бастап зауыт Ақсу қаласын жылумен қамтамасыз етеді, оған дер кезінде рұқсат алып, эмиссиялар (салықтар) үшін төлем жүргізген. 2021 жылы "Қазхром "ТҰК" АҚ эмиссияларға кешенді экологиялық рұқсат алды және шығарындыларды азайтуды қамтамасыз ететін технологияларды енгізудің орнына 10 жылға салық төлеуден босатылды», - деп жазылған хабарламада.
Көрсетілген рұқсат құжатымен қазандық шығарындылары бойынша лимиттер 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін көзделген.
Алайда қаланың жаңа жылу жүйесінің құрылысы аяқталмаса да кәсіпорын қаланы жылумен қамтамасыз етуді жалғастырды, бұл Экологиялық кодекстің 118-бабына сәйкес КЭР-ді қайта қарауды талап етті. Алайда бұл орындалмады.
Жүргізілген талдау негізінде табиғат қорғау прокуратурасы ӘҚБтК-нің 328-б.1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады, қаралып отырған жағдайда 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл қарастырылады.
Бұл ретте жеңілдететін мән-жайлардың (кінәні мойындау, әлеуметтік қатысу) болуына байланысты экология департаменті айыппұлды 30%-ға қысқартты. Нәтижесінде «Қазхром» республикалық бюджетке 855 млн теңге төледі.