Ақтөбеде «полиция қызметкері» зейнеткерлерді алдап, 5 млн теңгесін сыпырып алған
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер көбейіп кетті

Ақтөбе қаласында зейнет жасындағы азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша жымқыратын телефон алаяқтары белсенді әрекет етуде. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алаяқтық схемасы қалай жүзеге асады?
Полицияның мәліметінше, алаяқтар зейнеткерлерге қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырады. Олар туысының жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып, «проблеманы шешу үшін» ақша талап етеді.
«Бізге хабарласқан зейнеткерге белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полицеймін деп таныстырған. Ол қарияның қызы жол апатына түскенін айтып, проблеманы шешу үшін 2 миллион теңге сұраған. Әйел адам оның сөзіне сеніп қалған. Өйткені телефонды басқа бір қыз алып, өзін «қызы» деп таныстырып, жылап, дірілдеген дауыспен көмек сұраған. Салдарынан Ақтөбе тұрғыны үйіне келген бейтаныс адамға ақша беріп жіберген», – делінген хабарламада.
Сол күні дәл осындай тәсілмен 87 жастағы тағы бір зейнеткер 2 миллион теңгесін «немересін құтқарамын» деп алаяқтарға берген.
Полиция күдіктіні ұстады
Жедел іздестіру нәтижесінде Қостанай облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол алаяқтардың тапсырмаларын орындап, өзін «курьер» ретінде көрсеткен. Тергеу кезінде ол мессенджер арқылы тапсырма алып отырғанын, әр «тапсырма» үшін 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақы алғанын айтқан.
Күдіктінің кемі 5 алаяқтық іске қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы шығын шамамен 5 миллион теңгені құрайды.
Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырады
Полиция департаменті азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады:
«Алаяқтар өзін полицейміз деп таныстырып, жақыныңыздың қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақша талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайда бірден 102 нөміріне қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтап алыңыз», – деп ескертеді құқық қорғау органдары.