$ 538.03  629.23  6.74
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында арнайы техниканың дөңгелегінің астында қалған жұмысшы қаза тапты

Жұмыс беруші тарапынан барлық заңбұзушылық дәлелденді

Маңғыстау облысында арнайы техниканың дөңгелегінің астында қалған жұмысшы қаза тапты
Фото: freepik.com

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында бұрғылау ұңғымасын жөндеу кезінде жұмысшы арнайы техниканың астында қалып, көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға жұмыс барысында болды

Оқиға жөндеу жұмыстары кезінде болған. Жұмысшылар бригадасының бір мүшесі жұмыс істеп жатқан арнайы техниканың астында қалып, жарақатынан оқиға орнында қаза тапты.

Тергеу нәтижесінде еңбекті қорғау ережелерінің бұзылғаны анықталды.

Бригадир 1 жылға бас бостандығынан айырылды

2025 жылғы маусымда Түпқараған аудандық соты бригадирді ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айырды

«Сотталған адам еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлға бола тұра, бригада жұмысшысына қауіпсіз жағдай жасамаған. Соның салдарынан қызметкер арнайы техниканың астында қалып, мерт болды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін толық растады

Еңбек инспекциясының мәліметінше, жұмыс беруші тарапынан барлық заңбұзушылық дәлелденді.

3 жылда 6 адам сотталған

Маңғыстау облыстық прокуратурасы соңғы 3 жылда дәл осындай еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу салдарынан 6 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Барлық жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

Серіктес жаңалықтары