Руслан Өтепбайдың достары қыздардың көңілін көтеріп, екі бірдей телефон сыйға тартты
Әнші Жігер Ауыпбаев жылдар бойы құлдықта болған апалы-сіңілі қыздардың бірімен дуэт айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, Құндыздың туған күніне бір топ азамат естен кетпес сыйлық жасаған. Ол туған күнде түсірілген видеоларды Instagram-дағы парақшасында жариялады.
«Қос қарындасым Құндыз бен Назгүлді құттықтап достарым келіп, қуанышымызды бөлісті. Айбек Ақаев досым мәрттік танытып, қарындастарыма екі бірдей телефон сыйға тартты. Ал Жігер Ауыпбаев Құндызбен ән айтып, көңілімізді көтерді. Рақмет, жігіттер! Алла разы болсын!», - деп жазды журналист.
Еске сала кетейік, бұған дейін тележүргізуші Руслан Өтепбай психотерапевт Санжар Тұрсынметовпен бірге Таразға арнайы барып, бұрын құлдықта болған Құндыз бен Назгүлдің жағдайын білген болатын. Құндыз дәрілерін уақытылы ішпегендіктен, денсаулығы сыр берген. Дәрігер Санжар Тұрсынметов қыздардың жағдайымен жақынырақ танысып, қамқоршыларына орындалуға тиіс медициналық шараларды түсіндіріп берді.