Елордада «Достық үйі достарға құшақ жаюда» фестивалі өтті

Автор: Алмас Ерсін

Басқосуға елорданың туроператорлары, гидтері мен экскурсоводтары шақырылды

Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы

Елордалық Достық үйінде «Достық үйі достарға  құшақ жаюда» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының  30 жылдығына және Елорда күніне арналған  іс-шараның басты мақсаты – көпшілікті  Қазақстан халқы Ассамлеясының қызметімен кеңінен таныстыру, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ еліміздің мәдени әралуандылығын  көрсету.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрдәулет Әлмұханов,  қалалық ҚХА мүшелері, өңірлік Достық үйлерінің,  қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.  Фестиваль «Достықтан – бірлікке»  атты  дөңгелек үстелімен басталды. Оның барысында жиналғандар  еліміздің басты құндылығы - ынтымақ пен бірлік тақырыбында әңгіме қозғап,  Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен  жетістіктеріне тоқталды.

Сондай–ақ басқосуға елорданың туроператорлары, гидтері  және экскурсоводтары  шақырылды. Олар алдағы уақытта туристерді Достық үйінің қызметімен таныстыратын болады. «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының өкілі атап өткендей, бл бағытта жергілікті  туристік қоғамдастықпен  бірлесе ғимаратты туристік маршруттар картасына  енгізу  бойынша  қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Достық үйінде өткен «Достық үйі достарға құшағын жаюда» атты фестиваль  аясында елорда  тұрғындары мен  қонақтарының назарына  концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.  Алаңда киіз үйлер, шатырлар,  фотоаймақтар  орнатылып,  шеберлік сағаттар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.  Ал  кішкентай қонақтар үшін аниматорлардың қатысуымен  сан алуан қызыққа толы арнайы бағдарлама ұйымдастырылды.

Алғаш рет  өткен  аталмыш  фестиваль  еліміздегі  бірлік пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп,  келген қонақтардың арасында  жақсы көңіл-күй мен қуаныштың  символы ретінде есте қалатыны сөзсіз.