Сәби санавиациямен Қазақстанға жеткізілді, қазір ол елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
15 қазан күні екі жасар қазақстандық сәби Дубайдағы бассейннен ес-түссіз күйінде табылған. Кішкентай науқасқа шұғыл медициналық және реанимациялық көмек көрсетіліп, жүрегінің қызметі қалпына келтірілді. Шетелдік дәрігерлер пациенттің жағдайын өте ауыр деп бағалаған және баланың 3 дәрежелі күрделі комаға түскені анықталды. Сәби ауыр хәлде Дубайдағы емханалардың біріне жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Баланың әкесі ҚР Сыртқы істер министрлігіне өтініш жазған. Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп пациентті санавиациямен елге жеткізді.
«27 қазанда санитарлық авиацияның мобильді бригадасымен бірге кішкентай пациент мамандандырылған әуе кемесінде Отанына оралды. Арнайы бригада Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына сағат 10:40 қонып, әрі қарай ем алу үшін бала реанимобильмен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жеткізілді», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кету керек, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша шетелдерде ауыр жағдайда жатқан Қазақстан азаматтарын елге жеткізу үшін санавиация ұшағы 16 рет көкке көтерілді. Шетелдік медициналық мекемелерден, жалпы 69 азамат тасымалданды.