Ол балаларға дөрекі сөйлеп, қатыгездік көрсеткен
Павлодар қаласындағы №121 бөбекжайда болған даулы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ата-аналар музыка пәні мұғалімінің балаларға дөрекі қарым-қатынасын айыптап, оны сабақтан шеттетуді талап етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
4 сәуір күні «Капитандар» тобының ата-аналары балабақша әкімшілігіне музыка жетекшісінің балалармен дөрекі сөйлеп, қатігездік танытқаны туралы ресми өтініш жолдаған.
Маусым айында сол жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, қоғамдық наразылық туғызды.
Балабақша әкімшілігі ата-аналар мен музыка жетекшісінің қатысуымен бейнебақылау жазбаларын қарап, 3 сәуірдегі сабаққа талдау жасаған.
«Сабақтың әдістемелік тұрғыдан қателіктерге толы болғаны анықталды. Мұғалім балаларға дауыс көтеріп, оларды дөрекілікпен орындыққа отырғызған», – деп хабарлады Павлодар қалалық білім бөлімі.
11 сәуірде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтіп, оның нәтижесінде музыка жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алды.
Жуырда №116 балабақшада тәрбиешінің балаларды шашынан тартып, шапалақпен ұрып, жұлқып, ұрған сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын.
Аталған жағдай бойынша облыстық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.